Home Жұлдыздар құпиясы «Қасым хан» фильмі: 11 млрд теңге бөлінген кино консервацияда тұр

«Қасым хан» фильмі: 11 млрд теңге бөлінген кино консервацияда тұр

Қазақтың ұлы хандарының бірі, Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы Қасым хан туралы көркем фильмнің қашан түсірілетіні белгісіз. Былтыр қыркүйекте танымал жазушы, кинодраматрург Смағұл Елубай «Қасым хан» фильміне арнап жазған бір сериялы прокаттық фильм сценарийінің орнына түріктің режиссері 75 сериялық кино түсіргелі жатыр деп наразылық білдірген болатын. Түркияда «Ертұғырыл» сериалын жасаған режиссер Метин Гюнайды бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасымен жолықтырып, қазақ ханы туралы тарихи туынды түсіруге рұқсат алған. Көп ұзамай жобаға бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген.

Бұл туралы azattyq-ruhy.kz хабарлады.

Алайда, тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны түрік режиссерінің сценариімен түсіруге қарсы болған жазушы Смағұл Елубай қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдады. Ол фильмге қатысты жоспарларды дереу киностудияның Сарапшылар кеңесінің талқысына қайта салуды сұрады. Жазушының өтінішіне құлақ асқан министр фильм түсіруді белгісіз мерзімге шегерілетінін мәлімдеген.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі бастапқы сценарий авторы Смағұл Елубайға хабарласып, тарихи киноның ары қарайғы тағдыры туралы сұрап білді. Жазушы фильм түсіру жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын растады.

«Фильм тоқтатылды, консервацияда тұр. Қаржылық мәселелері тексеріліп жатыр. Ары қарай не болатынын білмеймін. Осы даудан соң министрмен кездесу болды. Бірақ ол одан да жоғары деңгейде шешілді ғой. Ол үлкен кісілерге айтып көрейін деді. Айтылды. Сосын тоқтатылды. Фильм халыққа керек. Мен бір жылдай жұмыс істеген сценарий тұр, дайын. Бірақ жоба мүлдем жабылған жоқ. Уақытша тоқтатылып тұр. Менің ойымша, бәрі дұрыс шешіледі. Себебі қаржысы бөлінген, жабылмауы керек деп ойлаймын. Консервациядан алынуын күтіп отырмыз», – дейді Смағұл Елубай.

Жазушының екі жыл отырып жаздым деген сценариі енді қолдау таба ма? Министрлік өкілдері бұл мәселеге қатысты алдағы күндері жауап беретінін жеткізді.

Смағұл Елубай тәжірибелі түрік режиссерінің көпсериялы кино түсіруіне неге қарсы болғанын да айтты. Қаламгердің пайымынша, Қасым мен Мұхамед Шайбани бөле болғанымен, кейін жауласып, өзбек-қазақ болып ұзақ уақыт соғысады. Ендеше қазіргі бауыр халықтардың өткен тарихындағы шиеленісті кезеңді бақандай 70 сериалға арқау етудің салдары ауыр болады. Және Шайбанидтер мемлекетінің ханы Мұхаммед Шайбани ханның бөлесі.

«Гюнай жоба тоқтатылған соң кетіп қалды. Мен онымен бір-ақ рет, ең алғаш келген кезде кездесіп, талқылауда  бірге болғанбыз. Бірақ кейін біз оның көп серия түсіруіне қарсы болдық қой. Оның себебі 30-40 жыл Қасым хан мен Мұхамед Шайбани қазақ-өзбек болып соғысады. Мен жазған сценарийде бұл жағы жасырын көрсетілген еді.  Енді әлгі сериалда оны жасыра алмайтыны белгілі. Экрандағы төбелес өмірдегі төбелеске ұласып кетуі мүмкін. Тоқтату керек деп қарсы болғаным сондықтан. Араласып отырған дос халықпен соғысты насихаттауға болмайды. Егер бір сериясын түсірсек, бір-ақ рет соғыс көрсетіледі. Негізгі акцент Мұхамед Шайбанидің өзі мен Қасым ханға жасалады. Қалған жерінде сылап-сипап өтіп кетеміз. Оның ақырында өзбектер жеңіліп кетті, Сығанақты тастап, олар Бұқара, Самарқанға ауып кетті», – дейді жазушы.

Белгілі қаламгер қазіргі Қазақ хандығы туралы мемлекеттік тапсырыспен түсіріліп жатқан өзге де кинолардың кеңесшісі, әрі сценарий авторы. Смағұл Елубай бір сериялы прокатқа арналған «Қасым хан» туындысына байланысты жедел шешім қабылдануы тиіс деп есептейді. Ол өзі ұсынған жобаға 2 млн АҚШ доллары көлемінде қаражаттың жеткілікті екенін айтады. Жазушы бұрын біздің тілшілерге берген сұқбаттарының бірінде туындыны түсіруге бөлінген 11 млрд теңгенің 700 млн теңгесі жұмсалып кеткенін де айтқан еді.

Смағұл  Елубай «Батыр Баян» (1992), «Кек» (2004), «Аңшы бала» (2012), «Алмас қылыш» (2016), «Қазақ хандығы» телесериалы (2016), «Алтын тақ» (2019) сияқты бірнеше тарихи туындылардың сценарий авторы.

Ришат Асқарбекұлы

Коммент өшірілген on «Қасым хан» фильмі: 11 млрд теңге бөлінген кино консервацияда тұр