Home Жаңалықтар Азамат Тасқараұлы. МІНЕЗ
Жаңалықтар - 18.05.2015

Азамат Тасқараұлы. МІНЕЗ

 

Ер Жәнібек батырдың аруағына арналады

 

Құла көрдім, кер көрдім,

Босаға мен төр көрдім.

Тірсегінен су кешкен,

Умасынан ну кешкен,

Пырағының сағағын оң қолымен сыйпаған,

Бетбейнелі дулығасы келіскен,

Зере-сауыт, кіреукесі күмістен…

Құлан-құлан иекте,

Құла қызыл жиекте,

Таудан да түскен Ер көрдім.

Баспа айылы бұғы мүйіз оюдан,

Құр айылы қыңыр мүйіз оюдан,

Қызыл оттың түсіндей Ер еді бұл, ысқырын.

Күзем жүннен терлігі,

Жабағы жүннен көпшігі,

Тебінгісіне ұлтандық жараған,

Таралғысына да өрнек басқан құсмұрын.

Қас қанжығасынан қасқырдың бауыздар қаны сорғалап,

Бес қаруын сайлаған.

Көпшігінен тері иісі аңқып,

Сарыбауыр қамшысы аракідік ойнаған.

Осым-осым-осыма,

Қошқар Атасы бақ дарытқан баданадай басына.

Көк түбіті құйқа үстінде ұлы-ұлы шаңқылдап,

Ермен-жусан лебінен уытты ашуы салқындап,

Қыл жүгенді жібере сап келеді Ер.

Оның сұлу пырағы-ай,

Ауыздығы құрыштан,

Шығыршығы болаттан,

Сағалдырығы қайыстан,

Өресінің өзінен тұяқ-тұяқ жай ұшқан.

Жай ұшқанда айналасын шоқ қылған,

Бозда жүрген қукесектің бәрін жоқ қылған.

Шағыраққа қарап есінемеген,

Керегеге қарап керілмеген Ер.

Жаман түс көрсе сол иығымнан,

Жақсы түс көрсе оң иығымнан шықсын деген Ер.

Төбел бие сойдырып төменгі елді,

Жорға бие сойдырып жоғарғы елді,

Ала бие сойдырып аймақ елді жинаған Ер.

Қасарысқан дұшпанды қатын қылып қыңсылатып қинаған Ер!..

Күнге сәлем берген Ер,

Айға бата қылған Ер.

Жақыны өлсе арғы күнде қойған,

Қойғанда денесін моладан үш айналдыра қойған Ер.

Сулығымен маңдайының терін сүртіп,

Сол қолына қыл шылбырды алған Ер.

Атқа ноқта салса да,

Махаббатпен салған Ер.

Күзтабанды жапырып,

Қияқ елеңді опырып,

Тауда түсіп келеді Ер,

Таудан түсіп келеді Ер.

Өзі – сауға, өзінікі – сыралға,

Мен танысам қазақ осы сене гөр!..

Коммент өшірілген on Азамат Тасқараұлы. МІНЕЗ